Алла разылығы үшін сүю дегеніміз не? Махаббат – күшті эмоция, киелі сезім және жан тыныштығы, алайда бұл сезім көбіне ауқаттылық, байлық, мәртебе, сұлулық немесе құштарлық сияқты себептерге негізделіп кетеді. Жұбайыңызды қай себепке бола жақсы көретініңізге байланысты, бұл қарым-қатынастан соншалықты қуаныш пен рахат алатын боласыз. Егер күйеуіңізді оның мәртебесі мен ақшасы үшін жақсы көретін болсаңыз, ол бәрінен айырылып, құр алақан қалғанда оны соншалықты жақсы көре аласыз ба? Ал әйеліңізді сұлулығы үшін жақсы көрдіңіз делік, егер ол жарақат алу себепті бетінде тыртықтар пайда болса не болмаса қартайып, сұлу өңі әжімге толар болса да оны бұрынғы сұлу күйіндегідей сүйе алатын ба едіңіз? Қазіргі заманда Алла Тағаланың барлық бұйырғандарын орындап жүретін игі мінезді жақсы отбасы бар мұсылман болу мүмкін бе? Әрине, әбден мүмкін! Мұсылман үшін неке тек күйеуі мен әйелі болу ғана емес. Отбасылық қарым-қатынас – бұл таңғажайып нығмет әрі белгі. Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар» 30: 21. Некенің басты мақсаты – ішкі жан-дүние тыныштығына кенелу және жұбайыңызбен үйлесімділік табу. Алла Тағала бізді жұбымызбен жаратып қана қоймай, сонымен қатар, қауіп-қатерге толы осынау әлемде тыныштық, жарасымдылық, жайлылық табуда жұбайларымызға қандай жар болуымызды да көрсеткен. Бір жұптар некеде тыныштыққа кенеліп жатқанда, ендігі бір жұптың тыныштықтан айырылу себебі неде? Бір-біріне шын берілген, сүйіспеншіліктері асып төгіліп жататын және бәрін дұрыс жасағандарынан разы болатын бұл неткен жұп? Бақытты некеге қол жеткізудің кілті өте оңай, бірақ көбіне елеусіз, көзден таса қалып жатады. Шексіз бақытқа кенелетін отбасындағы ерлі-зайыптылар бір-бірін тек Алла разылығы үшін жақсы көретіндер. Бір-бірін Алла разылығы үшін сүю дегеніміз не? Бұл дегеніміз – басқа адаммен қарым-қатынасыңызда Аллаға деген сүйіспеншілік пен бойұсынуды негіз етіп аласыз, яғни, біреуді қатты жақсы көргеніңіз сондай сүйіспеншілігіңіз бұл дүние шекарасынан шығып, ақиретте мәңгі сүйіспеншілікке айналып, Алла Тағаланың разылығына бөленуден рахат алуды қалауыңыз. Сіз жан-тәніңізбен шынай түрде жақсы көресіз, өйткені бұл махаббат сізге Алланы еске түсіреді және сізді Оған жақындатады. Сіздің қалаулыңызға деген сүйіспеншілігіңіз Алла Тағала алдындағы міндеттерді орындаудың себебі болып табылады.