АҒАНЫҢ ҚАРЫНДАСҚА ӨСИЕТІ Айналайын қарындасым! Қыз баланың өмірі, тағдыры қашан да оңай болмаған. Бабаларымыз «қыз – жат жұрттық» деп осы бір аяулы жандардың өмірлік бағдаршамын, аялдамасын әлдеқашан бекітіп берген. Сондай-ақ, «Қыз мұраты - кету» - дейді. Сенің де сол ұлы мұратқа ұмтылып, жаңа өмірге аяқ басатын күнің келіп жетті. Алдыңда небір бұралаң жолдар күтіп тұр. Ол жолдар бақыт үшін күрестен тұрады. Бұл күрес сабырмен, төзіммен, даналықпен қарулануыңды талап етеді. Ең бастысы, Жәннатқа жол салып беретін МЫРЗАҢның разылығын табуға ұмтылар күндер күтіп тұр. Бұл қызмет арқылы жан жарыңа бақыт сыйлайсың, ал ол сені бақытты етеді. Алла Тағала қыз баласына әйел-ана болудан артық нығмет сыйламаған. Ендеше, жанашыр ағаңның өсиетіне құлақ сал! Таңертең көзіңді аша сала әуелі Алланы ойла. Алдымен Раббыңның хақын өтеу керек екендігі есіңде тұрсын. Сонда Алла басқа адамдармен қатынасыңды реттеп қояды. Ешқашан отбасың мен отағасы үшін атқарған қызметіңді көп көрме, міндетсінбе. Санасу, есеппен өмір сүру ерлі-зайыптылардың арасына жік түсіретінін ұмытпа. Ал амалыңды Алла разылығы үшін атқарсаң, ақым кетті-ау деген сезімнен ада боласың. Еріңе қызмет етуде ләззат бар екенін ұмытпа әрі сол ләззатты сезіне біл. Өйткені, еріңнің алдындағы Алла міндеттеген әр қызметің – сенің сауап теретін мүмкіндігің, Алла алдында атқаратын құлшылығың. Еріңнің алдында қылықты бол. Жан жарың сенің әр қылығыңнан зор сыйластығың мен сүйіспеншілігіңді көріп тұратындай болсын. Кең бол. Оған «сіз» деп сөйлеуің, атын атамауың – арадағы көптеген кикілжіңге, бойсұнбаушылықтарға, ерсі сөздерге тосқауыл. Мұны әжелеріміз жақсы білген әрі амал жасаған. Дәмді тамақ, жылы әрі жайлы атмосферадағы үй кез келген еркекті жібітеді. Жалпы, үй – еркектің тыныштық, тыным табатын «ордасы» болуы керек. Үлкенді сыйла. Олармен ақылдас. Бұл – түбінде береке әкелетін амалдардан. Үнемі өзің бірінші болып кешірім сұрауды әдетіңе айналдыр. Тіпті, кінә сенен болмаса да кішірейе білсең, ешнәрседен ұтылмайсың. Ол үйден ренжіп кетсе, әдеміленіп суретке түс те, тәтті сөздермен хабарлама жазып жібер. Кінәласпа. Кез келген жағдайда кінәні өзіңнен іздеуге тырыс. Сендердің өмір бойғы қарым-қатынастарыңның кірпіші алғашқы сәттердегі қатынастарың арқылы қаланады. Келешекте араларыңның қандай болғанын қаласаң, бастапқы кезден іске кіріс. Алғашқы сәттерде бір-бірлерінің қылықтарыңа, әдеттеріңе, мінездеріңе үйренісу барысында міндетті түрде кішігірім ұрыстар, ұшқындар болуы мүмкін. Мұны сабырлылық арқылы шешуге болады. Қиыншылықтың артында бір жеңілдік тұрғанын жадыңнан шығарма. Кейбір кемшіліктерін байқағанда оған тұрмысқа шыққаның үшін өкінбе. Ертеде заманындағы барлық қыздан сұлу, ақылды, иманды, тәрбиелі, бай қыз өмір сүрген екен. Ол ұзақ жылдар бойы өзіне жар таңдайды. Алыс-жақынды патшалықтың көптеген бай-серілері айттырып келеді. Алайда, қыз ешкімді ұнатпайды. Ел-жұрт оның тұрмысқа шығатындығынан үміт үзе бергенде, оның әйтеуір біреуді таңдағандығы туралы хабар тарала бастайды. Бәрі де әлгі бақытты жігітті көруге асығады. Сөйтсе ол ұсқынсыз әрі қарапайым адам болып шығады. Мұның себебі сұралғанда сұлу бойжеткен: «Менің бір күнәм бар шығар, сондықтан, Алла оны маған нәсіп еткен болар. Керісінше, оның бір Аллаға ұнамды артықшылығы бар шығар, сол себепті, Алла мені оған қосқан болар» деп жауап берген екен. Бұл сөз саған да ғибрат болсын. Өнеге ал. Алла – Әділ. Демек, сендер бір-біріңе лайықтысыңдар. Енеңмен тату бол. Танысқан сәттен-ақ оны зерттеп, ұнататын, ұнатпайтын нәрселерін біліп ал. Жатырқамай, тезірек тіл табыс. Оған қолыңнан келген құрметті көрсет. Тіпті, кейбір істерді жақсы біліп тұрсаң да онымен ақылдас. Кез келген еркектің жанды жері бар. Еректің отбасын асыраушы, қамқоршы, басқарушы екендігін жақсы білесің. Оның дәл осы қызметтеріне қатысты тіл тигізу, кінәлау оны азаптайды. Мәселен, «ақша таппайсыз ба?», «дұрыстап шешім қабылдамайсыз ба», «өзім білемін» деген сөздерді қолданысыңнан шығар. Құлшылықта оған бұйрық берме немесе атқаруын талап етпе. Мәселен, «неге тәһәжудке тұрмайсыз?», «дұға намазына дәрет алмайсыз ба?», «жатар кездегі дұғаны айтпайсыз ба?» секілді сауалдармен оны мезі етуден сақтан. Бірақ құлшылық уақыттарын еске салып қойғанның оқасы жоқ. Әсіресе, оны таң намазына оятуды міндетіңе алсаң да болады. Білімің одан артық болса да «білместің» кейпіне ен. Пайдалы мақсатта білімді жасырып қалуға рұқсат етілген. Әйелдер еркектің өзінен көп білгенін, еркектер әйелдердің өздерінен аз білгенін қалайды. Оны өзіңнен жоғары ұста. Ақылды әйел өзі биік болса да, төмендеп, өзінің ізгі істеріне ерін себеп етіп, артында тығылып отырады. Сымбатыңды сақтай біл. Жаттығуларыңды қалдырма, дұрыс тамақтан. Ешқашан өзіңе, жарыңа, ақылыңа, біліміңе, сұлулығыңа тәуекел етпе. Ешкім өз шамасымен бақытты, озық бола алмайды. Алла қаласа ғана жеңіске жете аласың. Қолыңнан келген әрекетті жаса да, Аллаға тапсыр. Ол тәуекел еткенге жеткілікті, істерді реттейді, соңына жеткізеді. Ол шеше алмайтын қиындық жоқ. Кез келген қиыншылықта көмек сұрарың, арқа сүйерің, ақылдасарың Алла болсын. Адам басына іс түскенде Раббысының құдіретін де ұмыт қалдырып қояды. Бір салихалы ананың ұзатылып бара жатқан қызына айтқан мына өсиеттерін де жадыңнан шығарма: «Сен туып-өскен ұяңды қалдырып, өзің білмейтін шаңырақта, өзің үйреніспеген жарыңның жанында қалдың. Ендеше, оған жер бол, ол саған көк болады, сен оған төсеніш бол, ол саған таяныш болады, сен оған қызметшісіндей бол, ол да саған кіріптар болады. Наразылығыңды жиі білдірме, ол сені жек көріп кетеді және одан алыстап та кетпе, ол сені ұмыта бастайды, бірақ, ол саған жақындаса, сен де оған жақында, егер алыстар болса, сен де алыстай бер. Оның иіскеу, есту, көру қабілетін аяла – ол сенен тек жағымды иісті сезсін, тек жақсы сөздерді естісін, әрдайым әдемі қалпында көрсін». («Табаиғун ниса», Ахмад ибн Абду Раббиһәл-Андалуси). Асыл арна

Теги других блогов: продвижение SEO Google